Бірлік түбі - береке

Өз ойым /
Баршаға сәлем!
Қысқасы, бұл блог елім-жерім деген патриот азаматтарға арналады. Ия, тап сол патриоттарға. Әркім өз нанына күресіп, өзіне жетсе де көзі тоймай дүниенің қызығына таласып жатқан нарық заманында немқұрайлы қарамаса да, дүние-боққа құлдық ұрмайтын, әлсіздерге жаны ашып, қарапайым халықтың қамын ойлайтын жандар бар екенін білемін және соларды іздеймін.

Неге?
Шыны керек, елдегі жағдайларға байланысты кейде қатты ашынамын. Көп нәрсеге көңілім толмайды. Іштей қынжыласың, ашуланасың, бір отырыста қызумен айқайлап та жібересің. Кейін басыласың, ұмытқандай боласың. Бірақ, жазылмаған дерт кейін де сыр береді. Қайта-қайта «бірдеңе жасау керек» деген сұрақты айнала бересің.

Өткеннен бір сәт
Ауылдағы ағайым бірде «Ертең үлкен азамат болып, осы ауылды көркейтіңдер» дегені бар-ды. Ол кезде қиын кезең еді ғой. Сондай бір үмітпен айтылған соң ба, қарттың даусы, сенім артқан көздері әлі есімнен кетпейді…

Қазір ше?
Қазір де оңып тұрғанымыз шамалы. Жағдаймызды түзегенімізге болайын… Жоқшылықта азғаннан, баршылықта азған жаман-ау, сірә. Жан-жаққа еліктеп, өзімізді жоғалтып бара жатқандаймыз. Тарихты оқысаң, батыр-жыраулар, ақын бабаларымыз, алысқа бармай-ақ 37-де құрбан болып кеткен ағаларымыздың өзі қандай еді? Қазақ жері қансырап жылаған шығар сол кезде. Біз солардың ұрпағы едік… Уа, қазақ жастары, елдігімізге оралатын күн туды бүгін де. Жеме жемге келгенде қазақтың жағдайын тек қазақ қана ойлайды. «Оян, қазақ» деп ұрандамасам да, жастарды еліміздегі маңызды мәселелерді талқылап, оларды шешуде өз үлесімізді қосуға шақырамын. «Көп түкірсе — көл» деген. Бірлесе отырып, талай жетістіктерге жететінімізге сенімдімін.

Ескерту
Оппозицияға, ел арасында іріткі салуға, өсек-аяңға, не ақша табуға, Шариғат пен Ата Заңымызға қайшы нәрселерге шақырып жатқаным жоқ. Жаппай жиналыңдар демеймін де. Бастапқыда саны аз болса да, сапасы жоғары кішкене топ болсақ жетіп жатыр. Алла жазса, бәрі ашық түрде, әр қадамды өлшеп басып, барлық амалымыз анық білімнің үстінде болады.
P.S:
Бар айтпағым осы еді. Негізгі ойымды жеткізе алдым деп ойлаймын. Айтылмаған да ойлар бар. Ол туралы жиналғанда жазармын…

5 пікір

Jako
Ереке тамаша пост, азаматсың.Ойларыңның бәрі дәл өз ойымның төбесінен түскендей.мен әруақытта патиоттықты қолдаймын.
Korkem
Па, шіркін! Дәл сізден мынадай ойлар шығар деп үш ұйықтасам да түсіме кірген емен! Алдыңыздан жарылқасын)))) +1
dimash
Қолдаймыз ғой Ереке! Сөздерің адамды жігерлендіреді екен, патроттық сезімнің ұшқыны болған сон жүрміз ғой қазақша сайтта, бұл да аздық етеді әрине…
ereke_enu
Рахмет… Қуаныштымын
Baha_07
О не деген патриот еді Ерекең)))) тағы да күтеміз жалғасын…
Тек тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады.